Кеншілер қаласы айтулы күнді атап өтті
Қаратау тәжі, Кентауға биыл — 63 жыл! Аз уақыт ішінде кенді қала — жаңғырып, жасарып, әлеуетті артқан әсем қалаға айналды. Бұған байырғы шахтерлер, құрылысшылар мен машина жасаушылардың сіңірген еңбегі ерен. Сондықтанда жасампаз жұмыскерлерге құрмет ата берері анық.Қала күні мерекесінде қаланың дамуына атсалысқан еңбеккерлер құрметтелді, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы.
Кеншілер шаһары 63 жылда еңбекші халықтың арқасында аяғынан тік тұрды. Қала тек республикаға ғана емес, шет мемлекеттерге де жоғары санатты мамандар дайындаудың тірек орталығы атанған еді. Көптеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің тағдыры тоғысқан қалада тұрғындардың бекем бірлігін байқауға болады.
Әбдібақыт Мақұлбаев – Кентау қаласының әкімі
Барлықтарыңызды қала мерекесімен құттықтаймын. Қаратау бөктерінде орналасқан Кентау қаласына 63 жыл. Қала күні мерекесі, әр бір қала тұрғынның жүрегінде қуаныш ұялатып, ертеңге деген сенімді шыңдай түседі. Сондықтан болашаққа бағдар алып, рухани жаңғыра отырып, қала мерекесін атап өтіп жатырмыз.
Айтулы мереке қарсаңында Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро КАВАБАТА арнайы келді. Тұрғындардың қуанышына ортақтасып, сөз сөйлеп, өз тартуын жасады. «Ер тұлғасы еңбегімен танылар» — демекші қала күнінін дәстүрі бойынша жыл бойы, ерен еңбегімен, азаматтық келбетімен құрметке ие болған азаматтар марапат төрінен көрінді.
Меймахан Танкебаев –Кентау қаласының тұрғыны
Мен осы Кентауда туып өстім.Оқып, әскерге барып, ІІД жұмысқа орналастым. Кентау күнінде марапатталып отырғаныма өте қуаныштымын. Кентаулықтарды мерекемен шын жүректен құттықтаймын.
Өткен ғасырдың дәл ортасында бой көтерген кеншілер қаласының атақ-даңқы кен өндіру ісімен тығыз байланысты. Қара жұмысты жан аямай атқарып, елінің дамуына белсене атсалысқан аға буынға, жастардың айтар алғысы шексіз.Сондықтан, Кенші-металлургтердің төгілген тері, қолтаңбасы ретінде кейінгі буынға өнеге болып қала бермек.
А.БИДАН