Өңделген өнім көлемін арттыру ісі жолға қойылады
Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру және экспортқа өңделген өнім көлемін көбейту – аграрлы саланы дамытудың басты мақсаттарының бірі. Бұл межеге жету үшін мемлекет жаңа технологиялар мен интеллектуалды жүйелерді қолданысқа енгізген шаруалардың ісіне барынша қаржылай қолдау көрсететін болады. Ал Түркістан облысындағы жер емген диқандар қауымы Мемлекет басшысының жолдауындағы агроөнеркәсіптік кешенді өрістетудің тетіктері дер кезінде айтылған шешім деп санайды. Оңтүстік шаруалары биыл мақта бағасының 180 теңге болып бекітілгеніне риза. Ақ алтынның бағасы өткен жылдармен салыстырғанда 10 теңгеге өскен. Бұдан бөлек әрбір тоннасына 12 мың теңгеден мемлекеттік субсидия қоса берілетін болады. Жолдауда айтылған басты міндеттің бірі – экспортқа шығарылатын өңделген өнімді екі жарым есеге көбейту. Бұл мақсатқа жету үшін облыста 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасы жасалды. Құжатта өнім көлемін ұлғайтудың нақты жолдары белгіленді. Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а.: — Бұл ненің есебінен болады. Бұл біздің облыста тамшылатып суару, жылыжайлар, қарқынды баулар, сонымен қатар мал бордақылау алаңдары, сүт сауу бекеттерін орнату, сондай-ақ асылтұқымды ірі қараны 2,5 есеге көбейту көзделіп отыр.