Өнім көлемі 250 млрд. теңгеге жетті
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстың дамуы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, 2018 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 250 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,6%-ды құраған. Мал басы артып, 3500 тонна ет экспортталған. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,7 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 500 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 286,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21 млрд.теңгеге артты. Өңір экономикасына 142 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Қазір облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 8 айда құрылыс көлемі 66,2 млрд. теңгеге жетіп, өсім 105,8% болды. Барлық қаржыландыру көздерінен тұрғын үй құрылысына 21,2 млрд. теңге инвестиция бағытталды. 291,8 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 1922 пәтер іске берілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 137,6%-ды құрады. Осы деректерді баяндаған ол облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру бағытындағы жұмыстар мен қаланы дамыту жөніндегі жоспарларға да тоқталды.
«Сіздің «Түркістан облысын құру, әкімшілік орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы» Жарлығыңыз бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік органдарды жайғастыру үшін Түркістан қаласынан қажетті 25 ғимарат белгіленді Тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1 956 пәтерлі 33 тұрғын үйдің (122 мың шаршы метр) құрылысын бастап кеттік. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту, туристік әлеуетін көтеру бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынып, отандық және шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесін беріп жатыр. Кеше ғана 28 қыркүйекте Түркістан қаласында 1-ші «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форумы өтті. Аталған форумға 17 шетел және отандық 500-ге жуық адам қатысты. Нәтижесінде 1,7 млрд.АҚШ долларын құрайтын 17 құжатқа қол қойылды» деді облыс әкімі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі