Инновациялық сусын
Тоғыз жолдың торабы саналатын Түркістан облысындағы Арыс қаласы бүгінде өндірісі өрге өрлеген аудандардың алдыңғы көшінде. Шағын және орта бизнесте тасын өрге домалатып отырған кәсіпкерлер көп. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көптеген көмектің арқасында көшін түзеген шаруа қожалықтары мен индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының игілігін көріп отырған жеке кәсіпкерлердің атқарып отырған жұмыстары көш ілгері. Түйе сүтін пластик ыдыстарға құйып шығаратын цех жұмыс істейді.
Теміржол торабын тоғыстырған Арыс ауданы бүгінде ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп отыр. Ауданда шаруақожалығына бірігіп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, шаруасын шалқытып отырғандар көп. Нұралы Жаңбыров, шаруа: « 4 миллион көлемінде несие алып, 20 бас ірі қара алдық. Болашақта көбейтеміз деген жоспарымыз бар. 200 литрге дейін жеткізсек деп отырмыз». Ауданның түйе шаруашылығын дамытуда да асығы алшысынан түскен. Саналы елді мекенін былайғы жұрт «қымыранның отаны» деп атайды. Бүгінде шұбат өндірумен атағы алысқа кеткен шаруалар «Желмая» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне біріккен. Мұнда күніне инновациялық әдіспен өндірілген 1500 тоннаға дейін шұбат бөтелкеге құйылып, Астана, Ақтөбе қалаларына жіберіледі. Алдағы уақытта өзге қалалармен де сауда саттық байланысын орнатпақ ниетте.