Ата кәсіпті алға сүйреп…
Түркістан облысындағы Мақтарал ауданының аумағы егін шаруашылығына өте қолайлы. Биыл өңірдің бренді саналатын мақта, сондай-ақ бақша өнімдерін егу қарқыны жоғары. Биыл ауданда 69 926,3 гектар жерге егістік егілсе, соның 38 593,2 гектарына мақта егілген. Айта кету керек, ақ алтын шаруашылығы – мақтааралдықтардың ата кәсібі. Сондықтан, бұл кәсіпті дамытуға біз қатты мән береміз. Өздеріңізге белгілі, былтыр мақташылар мақта зиянкестерінен қатты жапа шекті. Алайда, биыл ерте дабыл қағылып, еңбекқор шаруаларымыз тиімді әрекет жасағандықтан, зиянкестермен күрес сәтті жүріп, былтырғыға қарағанда біршама тәуір болды. Зиянкестермен күресу бойынша өңірде 10-нан аса семинарлар өткізіліп, шаруалар өзара тәжірибелерімен бөлісті. Бұл іс-шаралардың барлығы да өз нәтижесін беруде.
Бүгінгі таңда ауданда мақталық алқапты суару маусымы жүруде. Қазірдің өзінде 70 пайыздан астамы су ішіп үлгерген. Өзбекстаннан келетін судың күннен күнге түсуіне қарамастан, қалған мақталық алқаптың да суарылуы үшін шаруалар мен ауыл әкімдері бірлесе жұмыс істеуде. Тағы 1-2 аптада алқаптар толық суарылатын болады.
Э. Өсербекова, «Мақтаарал» газеті