Демалыс аймағы ашылмақ
Түлкібас ауданы Тастұмсық ауылдық округ әкімі Қайрат Сәрсембаевтың айтуынша, жыл басында Тастұмсық ауылдық округінің даму тұжырымдамасы бекітіліп, бұл құжатта биылғы жылы 3 нысан ашылады деп жоспарланған болатын. Оның бірі – туризм саласын жандандыру үшін Амангелді ауылының тұсынан, Арыс өзенінің бойында демалыс кешенін салу. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып кеткен екен, тіпті тамыз айының ортасына таман пайдалануға беріледі деп күтілуде. Расында, мұнда қызу құрылыс жүріп жатыр. Қарбалас. Әне ересектер мен балаларға арналған жазғы шомылу алаңы тұр, оның алдына тамақтанатын дәмхана соғылып жатыр. Ал, су қайдан келеді десек, осы маңда ертеден бастаудың мөлдір суы ағады, мына 1.80 метр тереңдіктегі бассейнге осындай таза суды қолданбақ. Қасында сылаң қағып ағып жатқан Арыс өзенінің суы әдетте лайқы екені белгілі. Сол себепті, әлдеқайда тазағырақ бастаудың суын құбырмен тартқызып, бассейнге құймақ. Яғни, адам денсаулығы үшін қауіп жоқ. Алдағы уақытта жоба бойынша шомылу алаңының айналасына киіз үйлер тігіліп, табиғат аясында отырып тамақтанатын тапшандар қондырылмақ. Алдағы уақытта ауыл азаматтарын жұмыспен қамтылатын болады.