«Ақылды жарықшам» жобасының құны 246 млн. теңге
Ағымдағы жылдың наурыз айында Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тумасы О.Ботбайдың демеушілігімен Бәйдібек ауданы Борлысай ауылдық округіне қарасты Ақтас, Қошқарата, Кеңсай елді мекендерінің ұзындығы 14,341 шақырым жол бойына 438 бағана орнатылып, көше шамдарының құрылысы басталған болатын. Бүгін аталған ауылдық округтегі елді мекендеріндегі көше шамдарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жарық шамдардың құрылысын О.Ботбай бақылаушылар кеңесінің төрағасы болып табылатын «Source Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жобаның жалпы құны – 246 млн. Жарықтандыру қуатының мөлшері Ақтас елді мекені бойынша есептегенде – 43,8 Квт. Көше шамдары 14 функцияны қатар атқара алады. Мәселен, ұялы телефонды қуаттау, wi-fi тарату, көшедегі көлік қозғалысын бейне бақылауға түсіру және т.б. Сондай-ақ, тағы бір ерекшелік – бұл көше шамдары қараңғылық пен жарықты автоматты түрде сезініп, күн райына қарай қуат беру мөлшерін өздігінен реттеп отырады. Нәтижесінде 75% энергия қуаты үнемделетін болады. Сонымен қатар О.Ботбай Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылындағы М.Әуезов көшесіндегі ұзындығы 3 шақырымнан астам жолдың бойына 77 бағана орнатып, жарық шамдардың құрылысын жүргізуде. Шаян елді мекеніндегі жарықтандыру қуатының мөлшері 7,7 Квт.