Сапалы өнім – сапалы өмір кепілі.
Сапалы өнім – сапалы өмір кепілі. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Сауда және қызмет салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата басшылары, Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің жетекшілері, кәсіпкерлер қатысып, «Сапалы өнім» тұжырымдамасын талқылады.
«Сапалы өнім» жобасының мақсаты — сапалы өнімдер көлемін арттыру, сатылымдағы тауарлар арасынан сапасыз өнімдерді анықтап, шара көру. Осы мақсатта қаламызда ситуациялық штаб құрылды. Оның құрамында сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен қоса, санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің, техникалық реттеу және метрология департаментінің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар. Бүгінге дейін азық-түлік, тұрмыстық заттар мен сусындардың бірнеше түріне зерттеу жүргізілген.
«Сейдалиев атындағы тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша» қоғамдық бірлестігінің өкілі Айжан Сейдалиева бүгінге дейін 28 өнімге жасалған зертханалық зерттеудің нәтижесі алынғанын жеткізді. Қорытынды сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолданған. Нақтырағы, шаһарда біздің елге, тілге қатысы жоқ сусындар сатылған екен.
Жиын барысында «Сапалы өнім» тұжырымдамасының мақсаты, халықаралық тәжірибесі, іске асыру тәсілдерін және алгоритмі талқыланды. Қалалық ситуациялық штабтың атқарылған жұмысы жайлы айтылды. Кәсіпкерлер де өз тарапынан тұжырымдамаға қолдау білдіріп, моральдік принциптерді басшылыққа алатынын жеткізді.
- Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті