Басты мақсат — ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтау
Үстіміздегі жылғы 3 қазан күні «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында «Барбанг қауымдастығы» күрді республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының кеңейтілген жиналысы өтті.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Барбанг» Ассоцациясының президенті Князь Мирзоев, бірінші президент Азиз Алиев, бірінші вице-президент Азим Абдуллаев, ассоциация басқармасының мүшелері Ибрагим Мамедов пен Барзани Набиев, «YekbunTV» телеарнасының өкілі Роми Мугаев және Шымкент қалалық «Барбанг қауымдастығы» күрді республикалық қоғамдық бірлестігінің бірқатар белсенді мүшелері қатысты.
Жиынды өткізудегі мақсат — филиал төрағасы А.Юсуповтың өз өтініші бойынша жұмыстан босатылуына байланысты жаңа төрағаны сайлау болды. Нәтижесінде, қатысушылардың бірауыздан қолдау білдіруіне байланысты Шымкент қалалық «Барбанг қауымдастығы» күрді республикалық қоғамдық бірлестігі қалалық филиалының төрағасы болып Джалилов Асан Махмедович, орынбасары ретінде Надирова Гулизар Юсуповна сайланды. Төраға сайлаудан бөлек, жиын барысында ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтау жайында да сөз болды. Сонымен қатар, биылғы Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында атқарылған жұмыстарды қорытындылау жайы да айтылды. Алдағы атқарылар шаруалар да назардан тыс қалған жоқ.