«Ынтымақ» этносаралық қоғамдық мәдени бірлестігі көне дәстүрлерді дәріптейді

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА 25 ЖЫЛ

Шымкент қаласында орналасқан «Ынтымақ» этносаралық қоғамдық мәдени бірлестігінің мақсаты — өңірдегі саны аз этностарды ортақ қазақстандық мүддеге жұмылдыру, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайту бағыттарындағы шараларды жүзеге асыру. Бірлестік мүшелері түрлі кездесулер, «дөңгелек үстелдер» мен ғылыми-тәжірибелік конференциялар, байқаулар, мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырады. Мәселен, бірлестік жанындағы «Көркем әжелер» тобы жергілікті телеарна және Шымкент қалалық Әдет-ғұрып салт-дәстүр орталығымен  бірлесіп, «Ашамайға мінгізу», «Қызды оң босағаға отырғызу», «Бастаңғы», «Құдаласу», «Енші беру», «Босаға майлау», «Ерулік», «Төркіндеу», «Аунату» сынды ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізді көрсетіп, сахналады.

Соның бірі — қазақтың ежелгі салты «Баланы ашамайға мінгізу». Яғни, жас бала есі кіріп, 6-7 жасқа келген соң оған жеке тай атап, ашамай істетіп қамшы өріп «сен азамат болдың» деген сенім ұялатып,  үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді. Бұл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, мақтаныш сезімде болады, тез есейеді. Оны еңбекке адамгершілікке тәрбиелеудің ұлттық әдістемелік жолдарының бірі – осы ашамайға мінгізу арқылы көрінеді.
Атасы, ауыл ақсақалдары жиылып, балаға бата берген соң, баланың қолына аттың тізгінін, оң қолына қамшы ұстатады, аналар шашу шашып, тілектер айтады. Баланы атқа мінгізгесін жігіт атты ерттеп, көрші-колаң, ауылды аралатады. Есігінің алдына ашамайға мінгізу рәсімін өткізген балаға келген үйдің бәрі шашу шашып, баланың киіміне үкі, шашақ, теңге, моншақ қадайды. «Бала шаршады-ау» деген кезде үсті-басы әлем-жәлемге, әшекейге толып ауылға қайтып оралады. Сол күні мал сойылып, ат шаптырылып, той жасалады. Ашамайға баланы мінгізіп, аттың басын жетектеген жігітке, бата берген ақсақалға әке-шешесі сыйлық береді. Бірте-бірте атпен баланың өзі жүреді, бір-екі күннен соң аяғын байламайды, сонымен бір жеті ішінде ашамайды тастап ерге отырады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444