ШЫМКЕНТ: МЕМЛЕКЕТТІК ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ-САНИТАРИЯЛЫҚ ИНСПЕКТОР КӘСІПКЕРЛЕРДЕН ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ПАРА АЛҒАН ДЕП КҮДІКТЕЛУДЕ
Ағымдағы жылдың 15 мамыр күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясы ұжымымен ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 200-бабы шеңберінде аталған Инспекцияның бас маманы –мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторына қатысты қылмыстық іс аясында онлайн форматта кездесу өтті.
Іс-шара барысында күдікті ретінде бас маманға қатысты барлық мән-жайлар қаралды. Ол «Жоғарғы қырғы» базарындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін сатушыларынан базар аумағына кіргізілген әрбір өнім үшін жеке ветеринариялық лабораторияның мал дәрігері делдалдығы арқылы жүйелі түрде пара алғаны үшін күдіктелуде. Күдікті ретінде берген жауабында құқық бұзушылық әрекетін толық мойындаған.
Жиын барысында мемлекеттік қызметшілермен жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстары мемлекеттік билікке деген жағымсыз имидж қалыптастырып, азаматтардың сенімін төмендететіндігін ескере келе, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою бойынша ұсынуларды ұжымда талқылаудың маңыздылығы айтылды.
Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы тарапынан орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына Аумақтық инспекция тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы Заңнама талаптарын түсіндіру жұмысының әлсіздігіне, алдын алу жұмыстарының формальды түрде өтуі себеп болған.
Сондай-ақ, жиында мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қол астындағылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілігі туралы заңнама нормалары түсіндірілді.
Осы ретте Инспекция басшылығына күдіктінің тікелей басшысын қарамағындағы қызметшісінің моральдық-материалдық хал-ахуалынан хабарсыз болуынан, құқықбұзушылықтың орын алуының алдын алмағаны үшін атқарып отырған лауазымынан босатуды, ұжым арасында тұрақты түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.