Елена Рыбакина екінші рет Индиан-Уэллс турнирінің финалына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 9-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаға тап келді.
Осыған дейін қарсыластар өзара алты рет кездесіп, үш-үштен жеңіске жеткен еді. 2020 жылы Страсбург (Франция) турнирінің финалында Свитолина басым түскен. Бір жылдан кейін Токио Олимпиадасында қола жүлде үшін бәсекеде украиналық теннисші Рыбакинаны медальсыз қалдырды. Сондай-ақ өткен жылы Мадридте Э.Свитолинаның мерейі үстем болды. Ал Е.Рыбакина «Үлкен дулыға» жарыстарында азулы қарсыласын жолдан тайдырған.
Бұл жолы бастапқыда украиналық теннисші 2:0 есебімен алға кеткенімен, Рыбакина сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2. Содан кейін сетті тағы бір брейкпен тәмамдады – 7:5.
Екінші партияда қазақстандық спортшы 4:0 есебімен алға шықты. Ақыры матчты жеңіспен түйіндей білді – 6:4.
Бір сағат 47 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 6 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін құр жібермеді. Свитолина 6 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті. Сондай-ақ Элина доп бергенде, қосарлы қателікке жиі бой алдырды.
Елена Рыбакина финалда өзінің басты қарсыласы, әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда рейтингіде 14-орындағы чехиялық Линда Носкованы қапы қалдырды – 6:3, 6:4.
Осылайша, Е.Рыбакина екінші рет Индиан-Уэллс турнирінің финалына шықты. Ол 2023 жылы жеңімпаз атанса, өткен жылы төртінші айналымнан аса алмаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Индиан-Уэллс турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Елена Рыбакина WTA Live рейтингісінде екінші орынға көтерілді.
Елена Рыбакина ТОП-10-ға кіретін теннисшілерді қатарынан 11 рет жеңді.
https://kaz.inform.kz/news/elena-ribakina-eknsh-ret-indian-uells-turnirnn-finalina-shikti-a6df78/

