Қарасай ауданында діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған ауқымды түсіндіру жұмыстары өтті

2026 жылдың 15 қыркүйегінде Алматы облысы Қарасай ауданында халықтың діни сауаттылығын арттыру және қоғамды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан қорғау мақсатында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды.

Ақпараттық-түсіндіру тобының (АТТ) мүшесі, дінтанушы
Бақдәулет Әбдіхамитов аудандағы бірқатар білім беру мекемелері мен қоғамдық орындарда кездесулер өткізді. Ол Әйтей ауылындағы «Өмірзақ орта мектебі» мен Жамбыл ауылдық округіне қарасты Ұлан ауылындағы №2 орта мектепте кәмелетке толмаған жасөспірімдермен жүздесіп, дәстүрлі құндылықтардың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, Қаскелең қаласындағы Гуманитарлы техникалық және «Евразия» көпсалалы колледждерінің студенттеріне арнайы дәріс оқыды. Маманның түсіндіру жұмыстары тек оқу орындарымен шектелмей, «Алтын Орда» базарының маңындағы алаңда уақытша жұмыссыздар азаматарды да қамтыды.

Өз кезегінде АТТ мүшесі, дінтанушы Жанна Қаңтарбаева түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен және жастармен мазмұнды әңгімелесулер жүргізді. Ол Қаскелеңдегі «Аяжан» медициналық колледжі мен Шамалған ауылындағы Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледж студенттеріне діни сауаттылықтың негіздері туралы айтып берді. Бұдан бөлек, маман Шамалғандағы «Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушылар мен спортшылармен кездесті. Халықтың түрлі топтарына бағытталған жұмыстар аясында Қарасай аудандық кітапханасында әлеуметтік осал топ өкілдеріне, ал аудандық Полиция басқармасында пробациялық бақылаудағы азаматтарға
түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Барлық кездесулердің басты тақырыбы қоғамдағы діни радикализмнің зардаптары және теріс пиғылды ағымдардың психологиялық тұзағына түспеу жолдары болды. Мамандар деструктивті ұйымдардың көбінесе діни сауаты төмен адамдарды, әсіресе жастар мен әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды нысанаға алатынын ескертті. Тұрғындарға ғаламтордағы күмәнді ақпараттарға сын көзбен қарау және дін туралы білімді тек ресми әрі сенімді дереккөздерден алу қажеттігі қатаң ескертілді.

Жалпы есеппен Қарасай ауданында өткен бұл шаралар 660-тан астам адамды қамтыды. Еркін диалог форматында өткен жиындарда қатысушылар белсенділік танытып, мамандарға өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, нақты әрі тұшымды жауаптар алды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444