Конституциялық комиссия отырысында партиялар қандай ұсыныс айтты
Елордада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырыстары өтіп жатыр және бүгін Парламенттегі саяси фракциялардың жетекшілері сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын білдірді. Kazinform агенттігі Конституциялық комиссияның үш отырысында елдегі саяси партиялар білдірген ой-пікірлер мен мен ұсыныстарына шолу жасап көрді.
AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев отырыстың алғашқы күні Конституцияда отбасы мен неке ұғымдарын күшейтіп, тек қана ер мен әйелдің арасындағы тең, еркін және өзара жауапкершілікке негізделген құндылық ретінде нақты бекіту керектігін ұсынды.
Елнұр Бейсенбаев қазіргі Конституцияда отбасыны, ана мен баланы қорғау кепілдігі берілгенін, алайда ең маңыздысы — некенің нақты анықтамасы жоқ екенін баса айтты.
— Ал бүгінде әлемде негізгі ұғымдардың бұлыңғырлануы тек отбасы институтының әлсіреуіне ғана емес, қоғамның моральдық бағдарынан айырылуына да әкеп соққанын көріп отырмыз. Әлемдік тәжірибе мемлекеттердің әртүрлі жолмен дамитынын көрсетеді, алайда олардың басым көпшілігі отбасының стратегиялық маңызын терең түсінеді. Көптеген елдердің Конституцияларында отбасы және ер мен әйел арасындағы неке ұғымдары нақты айқындалған. Тіпті басқару жүйесі алуан түрлі елдерде отбасы кейінгі ысырылатын мәселе емес, қоғамның іргетасы ретінде қарастырылады. Сондықтан Ата заңда неке — тек ер мен әйелдің арасындағы одақ екенін бекіту ұсынылады, — деді Мәжіліс депутаты.
Бүгін Елнұр Бейсенбаев Парламентте барлық фракция өкілдерінен тең құралатын және олардың барлығын қамтитын тұрақты сараптамалық-құқықтық комитет құруды ұсынды.
− Меніңше, бұл бастаманы осында Парламенттік фракция басшылары да қолдайды деп сенемін. Қоғамда болашақ Парламент депутаттарының саны бойынша да әртүрлі пікір бар. Дегенмен, жұмыс тобының 145 депутат болуы қажет деген шешімі бүгінгі саяси ахуалға да, қоғамның сұранысына да нақты сай, − деді Мәжіліс дептутаты.
Сонымен бірге Amanat фракциясының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева «Жалпы ережелер» атты бірінші бөлімінің атауын «Конституциялық құрылыс негіздері» деп өзгертуді, Конституцияның 1-бабын жаңа тармақпен толықтырып, онда «Қазақстан Республикасы адами капиталды, білім беруді, ғылымды, инновацияларды және мәдениетті мемлекет қызметінің стратегиялық негізі деп таниды» деп бекітуді ұсынды.
«Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Президенттің бір палаталы Парламентке көшу жөніндегі бастамасына нық қолдау білдіргенін еске салды. Тіпті «Ақ жол» партиясы Парламентті реформалау жөніндегі Жұмыс тобының кезеңінде 50-ден астам ұсыныс жолдаған.
− Екі палаталы Парламент — федералдық мемлекеттік құрылым институты, онда Сенаттың міндеті — федерация субъектілерінің заңнамасын үйлестіру. Ал Қазақстан — бірыңғай заңдары мен ережелері бар унитарлық мемлекет. Елдің әртүрлі өңіріндегі адамдардың өмір сүруі мен мемлекеттік қызметтер сапасына бірдей кепілдік беріліп, қорғалуына ұмтыламыз. Бұл тұрғыда өңірлер мен олардың тұрғындарының мүдделері тең дәрежеде сақталуы тиіс, — деді депутат.
Сонымен бірге, «Ақ жол» партиясы азаматтар мен бизнестің жекеменшік құқығын қорғауды күшейтуді ұсынды. Партия басшысы олардың банк операциялары мен салымдары құпиялығының бұзылу жағдайлары алаңдаушылық тудыратынын айтты.
https://kaz.inform.kz/news/konstitutsiyalik-komissiya-otirisinda-partiyalar-kanday-usinis-aytti-19c9b8/

