Beeline интернет сапасы нашар болғаны үшін қазақстандықтардың ақшасын қайтарды
Жетісу облысы бойынша cауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұялы байланыс қызметтерінің сапасыз көрсетілуіне байланысты сот тәртібімен елдегі ірі байланыс операторларының бірінен тұтынушыларға ақшалай қаражатты қайтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Талдықорған қалалық сотының 2026 жылғы 13 қаңтардағы ұйғарымымен өңірдің бір ауданында тұратын азаматтардың ұжымдық өтініші негізінде қозғалған резонансты сот ісі аяқталды.
“Іс материалдарына сәйкес, тұтынушылар ұзақ уақыт бойы операторымен жасалған шарттар аясында «отбасылық тариф» бойынша ұялы байланыс пен мобильді интернет қызметтері үшін ай сайын 11 670 теңгеден жоғары көлемде тұрақты түрде ақы төлеп отырған. Сонымен қатар, олар шарт талаптарына сәйкес смартфондар сатып алған. Алайда 2025 жылғы 10 қазан мен 19 қараша аралығында, яғни 41 күн бойы ұялы байланыс пен мобильді интернет қызметтері тиісті деңгейде көрсетілмеген. Байланыс тұрақсыз болып, интернетке қолжетімділік іс жүзінде болмаған. Соған қарамастан, байланыс операторы абоненттік төлемді толық көлемде өндіріп алған, бұл шарттық міндеттемелердің орындалмағанын көрсетеді”, – делінген ақпаратта.
Аталған жағдай әлеуметтік маңызы бар салаларға тікелей әсер етті. Ересек тұрғындар мемлекеттік органдарға және шұғыл қызметтерге жүгінуде қиындықтарға тап болса, оқушылар 41 күн бойы үй тапсырмаларын толық орындау және қашықтан оқытуға қатысу мүмкіндігінен айырылды.

