Жамбыл ауданында биыл он ветеринариялық пункт ашылды

Жамбыл ауданында биыл он ветеринариялық пункт ашылды. Осылайша, жергілікті билік бір жылға келісілген жоспарды артығымен орындап отыр. Яғни,  Жамбыл облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мен аудан әкімі арасында жасалған меморандумға сәйкес, биыл жыл соңына дейін алты ветеринариялық нысанды пайдалануға беру керек болатын.  Қаракемер елді мекенінде бұған дейін мұндай ветеринариялық пункт болмаған. Сала қызметкерлері ауылдық әкімдіктің аядай бір бөлмесін місе тұтатын. Сол жерде анықтама жазып, малға есеп-қисап жүргізіп,  тиісті қағаз-құжаттарын толтыратын. Ал үй жануарларынан сынама алып, екпе салу үшін әр үйді аралауға тура келетін. Отыз үш мың уақ мал, отыз екі мың мүйізді ірі қарасы мен он төрт мың жылқысы, оған қоса, қырық бес шаруа қожалыққа бұл жұмыстарды жүргізу оңай шаруа емес екендігі айтпаса да түсінікті. Ауыл шетінен салынған жеке меншік мына ғимаратты әкімдіктегілер жеті миллионға сатып алыпты. Енді мал дәрігерлерінің өз пунктері бар. интернетке қосылған,  көрсетілетін қызмет түрлері де оңтайландырылған. Қаракемер ауылдық округінің аға мал дәрігері Исақ Байтқанов: — Мемлекет тарапынан қолдау көріп отырмыз, мінетін көлік те берілді, міне, ғимаратпен де қамтылдық. Халыққа да ыңғайлы, — дейді. Ал, Ақбастау ауылдық округіндегі дәл соындай ғимарат та биыл қолданысқа беріліп отыр. Ескі әкімшілік ғимаратта орналасқан мал дәрігерлік пункт  су жаңа ғимаратқа көшіріліпті. Сәйкесінше, мұнда да талапқа сай мал емдеу алаңы қарастырылған. Жеті малдәрігері өз жұмыстарын беймарал жүргізуге жағдай жасалған. Мұнда да барлық мәлімет бірдейлендіру базасына енгізілген.  Жамбыл аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаев: — Тұрғындар жаңа ғимаратты біле бастады. Қазір өз өтініштерін осында жазып келіп жатыр. Мал базарға баратын болса, анықтама осы жерден беріледі, — дейді. Жалпы, Жамбыл ауданы бойынша 42 мың ірі қара, 217 мың уақ мал, 1700 шошқа және 12 мың бас жылқы бар.  Ветеринария саласы бойынша ауыл-аймақта атқарылуы тиіс жұмыстар толығымен аяқталған. Ендігі міндет алдағы жылы қалған жеті елді мекенде осындай нысандарды ашып, жоспарды толығымен орындау.

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444