Алматы облысы Италиялық инвесторлардың қызығушылықтарын тудыруда
Италиялық инвесторлар Алматы облысының экономикасына қаржы құймақ. Бұл үшін Италиялық инвесторлар Жетісу өңірін таңдап отыр. Талдықорғанға аяқ басқан делегация мұнда бірнеше күн болып, қала іргесіндегі индустриалды аймақ пен бірқатар әлеуметтік нысанды араламақ. Италиялық инвесторларды қатты қызықтырғаны Жетісу жерінің Қытай Халық Республикасымен шектесіп жатқандығы болды. Олар алдағы уақытта Алматы облысының аумағында крахмал өндіретін зауыт ашуға ниетті екендіктерін жеткізді. Сәйкесінше, жергілікті атқарушы билік те оларға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екендігін айтты.
Фабио Спилотос, инвестор: — EXPO-2017 көрмесінде жасыл экономикаға қол жеткізу, баламалы қуат көздерін өндіру мәселесі қызу талқыланатынын білеміз. Біз Қазақстаннан сондай кәсіпорындар сала аламыз. Алматы облысы аграрлы аймақ. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында да бірігіп атқаратын жұмыстар жетерлік. Бірлесіп жүзеге асырғымыз келетін экологиялық жобаларымыз да жеткілікті. Сондай-ақ баламалы қуат көзін өндіру, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, киім тігетін фабрика ашу сияқты жобаларды да бірлесіп жүзеге асыра аламыз, — дейді.