ТҮРКІСТАН: НЕГІЗГІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРДЕ ӨСІМ БАЙҚАЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыста өнеркәсіп өнім көлемін арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту бағытындағы жұмыс күшейтілген болатын. 2023 жылдың қаңтар-наурыз айында өңірде 209,4 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, нақты көлем индексі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,3% құрады.
Облыстағы өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 42,5% үлесін қамтамасыз ететін тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі 89 млрд. теңгені құраса, өңдеу өнеркәсібі (үлесі 46,4%) өнімінің нақты көлем индексі – 110% немесе өнім көлемі 97 млрд. теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 118,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артты. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 16,9 млрд. теңгені (100%), мал шаруашылығы 100,2 млрд. теңгені құрады (101,2%). Облыста 55,8 мың тонна ет (тірідей салмақта), 160,8 мың тонна сүт, 57,7 млн. дана жұмыртқа өндірілді.
2023 жылғы қаңтар-наурызында 4518,9 мың жолаушы тасымалданды, бұл 2022 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 110,6% құрап отыр.
Облыс экономикасын дамытуға 97,2 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 160,4%-ды құрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі